АҚЫННАН ШЫҚҚАН АҚТҰЙҒЫН

 

«Адам оқып ақын болмайды, ақын болып туылады».

Ақын Ханбибі Есенқарақызы студенттермен кездесуінде осылай дейді. Расында, анадан ақын болып туылған, жазушы, қоғам қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері Ханбибі Есенқарақызы биыл 75 жаста.

Ақын мерейтойы алдындағы алғашқы шығармашылық кештердің бірі өзі түлеп ұшқан Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да «Сөзі сара, өзі дара Ханапа» тақырыбымен ұйымдастырылды. Әдеби-сазды кеш университеттің медиаорталығы ұсынған деректі бейнефильммен ашылды. Ал, «Айтыс» үйірмесінің жетекшісі Нұрғали Әнапияның арнауы көпшіліктің ду қошеметіне бөленді. «Алқа» әдеби бірлестігінің мүшелері өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, әдеби композиция ұсынды. Ал, филология факультетінің студенті Әйкен Сәтбаева шығармаларына әдеби талдау жасады.

Ақын өлеңдеріне жазылған «Нұрикамал», «Алтынай», «Гүлсезім» әндері көрерермен көңілін тербеді. Кеш соңы университет басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева жүргізген сырласу сағатына жалғасып, Ханбибі ақын жастардың сұрақтарына жауап берді. Гүлжан Дәулетбекқызы кеш қонағына гүл шоқтары мен ұжым атынан сый-сияпат жасады.

Ханбибі Есенқарақызы — тоқсан жылға таяу тарихы бар қарашаңырақ оқу орнының 1972 жылғы түлегі. Сарыағаштан шығып, бар алашқа танылған қаламгер жайлы ақын Серік Тұрғынбек «Ақыннан шыққан ақтұйғын» деп жыр жазды. Расында, өлеңдегі шалымы тұйғындай ұшқыр Ханбибі тойы енді басталды!

Шығармашылық кешті университеттің филология факультеті ұйымдастырды.