ЧЕХИЯ САПАРЫ БОЛАШАҚ МАТЕМАТИКТЕРГЕ НЕ БЕРЕДІ?

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ физика-математика факультетінің деканы Альмира Ибашова мен математика кафедрасының профессоры, п.ғ.к. Алданазар Әмірбекұлы Чехия Республикасы, Прага қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысты.

Университет ғалымдары «International Conference on Arts, Education and Social Science (ICAES)» атты дүниежүзілік жиында баяндама жасады. Конференцияға Түркия, Индия және Сауд Арабия және т.б. елдерінен зерттеушілер офлайн және онлайн режимде қатысты.

Қызметтік іссапар информатика кафедрасының постдокторанты М. Бедебаевамен бірге «Педагог-математиктер даярлаудың сапасын ұжымдық конструктивті оқытудың міндетті нәтижелері негізінде жоғарылату» және «Орта мектепте информатиканы аралас оқытуды жүзеге асыру үшін геймификация элементтері бар ақпараттық-білім ортасын әзірлеу» гранттық жобалар аясында жалғасты. Әлемдегі ең көне жоғары оқу орындарының бірі Карлов университетінде халықаралық істер бойынша проректор, профессор, PhD Ева Волдричова Беранковамен кездесті.

Карлов университетінің негізі 1348 жылы қаланған. Қазіргі таңда 17 факультетте 53000-нан аса білім алушылары бар. Оның ішінде 7000-нан астамы шетел азаматтары. Кездесу барысында университетаралық байланыс жасау мәселесі талқыланды. Бұған қоса оқу орнының материалдық-базасымен, кітапхананың жұмыс барысымен және абитуриенттерге ақпарат беретін орталық қызметімен танысты.