САПА ҮШІН СЕРІКТЕСТІК

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Мектеп-ЖОО: Сапа үшін серіктестік» тақырыбында ашық диалог алаңы өтті.
Мектеп пен университет арасында тығыз байланыс орнатуды мақсат тұтқан іс-шарада ынтымақтастық шеңберінде бірлескен іс-шара өткізуде мектепке қолдау көрсету және педагогикалық іс-тәжірибені өткізу базасын қалыптастыру, болашақ мұғалімдердің кәсіби даярлығын шыңдауды жүзеге асыру көзделді.
Жиынды университет Басқарма төрағасы, ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева ашып, жүргізіп отырды.
— Мектеп пен университет арасындағы серіктестік студенттердің іс-тәжірибеден өту кезеңіндегі қысқа мерзіммен ғана аяқталмауы тиіс. Сапалы педагог даярлау —біздің ортақ мақсатымыз,-деді Гүлжан Дәулетбекқызы.
Білім беру бағдарламасын іске асырудағы жұмыс берушінің рөлі, кәсіптік практика түрлері, педагогикалық практиканың мазмұны, педагогикалық практиканы бағалауда критериалды бағалау технологиясын қолдану, міне осы тақырыптардың барлығы жиынға арқау болды.
Жиын соңы ашық диалог, еркін пікір алмасуға ұласты. Мектеп басшылары өз тарапынан кейбір пәндер бойынша орыс сыныптарын оқытатын мұғалімдер тапшылығын алға тартты. Проблемалар тыңдалып, ұсыныстар қарастырылып қана қоймай, оны нақты шешу жолдары міндеттелді.
Жиынға Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты ЖОББ мектеп директорлары, университет профессор-оқытушылар құрамы қатысты.