АБАЙЛАҢЫЗ, АЛАЯҚТАР ЖАҢА ӘДІСКЕ КӨШТІ!

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да интернет алаяқтарынан сақтануға байланысты жиын өтті.

Бүгінде алаяқтар өздерінің айла-амалын жүзеге асыру үшін жаңа әдіске көшті. Олар "What's App" немесе "Telegram" мессенджерлерін пайдаланып, негізгі фотосурет ретінде оқу орыны басшыларының суретін қояды. Содан кейін олар университет қызметкерлеріне құқық қорғау органдары мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті құқық бұзушыларды ұстау бойынша арнайы операция жүргізіп жатқаны туралы хабарлайды. Әрі қарай экстремистік, террористік және басқа да заңсыз топтарды, банк операцияларына жеке қатысу қажеттілігіне сендіреді. Алаяқтар сенімділік үшін құқық қорғау органы немесе ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің формасын киіп видеоқоңырау шалады. «Нұсқау орындалмаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз» деп қорқытып, қатаң диалог жүргізеді. Орын алған осындай жағдайларда әңгімені үзіп, "102" нөміріне полицияға хабарлаңыз.

Жиынға оқу орнының факультет декандары, кафедра меңгерушілері мен құрылым, орталық басшылары қатысты. Университет Басқарма мүшесі, Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек қызметкерлерге алаяқтарға алданбау жолдарын айтып, оқытушы құрам мен студенттерге шұғыл түсінік жұмыстарын жүргізуді жеткізді.

IT департаментінің директоры Саят Іңкәрбеков ақпараттық-қауіпсіздік техникалық ережелерімен таныстырып, одан қорғанудың тәсілдерін түсіндірді.