«Болашақ» — «500 ғалым»

 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ физика кафедрасының оқытушысы Эльмира Қожабекова «Болашақ» халықаралық бағдарламасы шеңберіндегі «500 ғалым» жобасы бойынша Түркиядағы Сакария университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуде.

Сакария университеті – тарихын 1970 жылдан алатын мемлекеттік жоғары оқу орны. Халықаралық рейтингтерде өзіндік орны бар оқу орнында бүгінде 45 мыңға жуық студент түрлі саладағы бағдарламалар бойынша білім алады.

Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ ғалымы бүгінгі таңда аталмыш университеттің базасында профессор, доктор Али Чорухтың жетекшілігімен «Білім берудегі зерттеулер» бағытында жоғары оқу орындарындағы педагогикалық инновациялар бойынша жан-жақты зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Зерттеу нәтижелері "Methods of using the STEM system in the direction of physics integration. Review" мақаласында Scopus мәліметтер базасына енетін халықаралық ғылыми журналдарда жарияланады деп күтілуде.

Сондай-ақ, ғалым Сакария университетінің ғалымдарымен бірлесіп "Filpped Clasroom destekli STEM eğitim programi" жобасын дайындауда. Жоба ауқымында 5Е моделін қолдану арқылы білім беру бағдарламаларына талдау жасалып, сайт жасақтамасы әзірленеді. Сонымен қатар, 5Е моделінің жаңартылған Filpped Clasroom-ға негізделген сабақ жоспарларын дайындау үлгісі жасалады. Ғалымдар бұл жоба білім беруді инновациялық тұрғыда дамытуға өз үлесін қосады деген сенімде.