ЖӘНІБЕКОВТІҢ СҮЙІКТІ КОМПОЗИТОРЫНА АРНАЛДЫ

 

— Өзбекәлі Жәнібековтің ең сүйікті композиторы Сыдық Мұхамеджанов, ал жақсы көретін әншісі Роза Бағланова болған.

Бұл деректі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ сахнасына арнайы келіп, концерттік бағдарламасын ұсынған әнші Кенжеғали Мыржықбай айтты.

«Қазақстан» мәжіліс залында өткен концертте әнші «Дудар-ай», Әсет Бейсеуовтің «Сырласу вальсі», Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш», Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең», тағы басқа әндерді құйқылжытты. Сондай-ақ, «Ақан сері» ариясынан үзінді, Жорж Бизенің «Смит серенадасы» сияқты опера жанрындағы бірнеше күрделі туындыларды асқақтата шырқап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Әнші бұл концертті композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО халық әртісі Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толуына арнады. Шығармашылық кештің соңында университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева алғыс білдіріп, ғылыми кеңестің шешімімен Кенжеғали Мыржықбайға «Құрметті профессор» атағын табыс етті. Сондай-ақ, Өзбекәлі Жәнібековтің портреті бейнеленген гоболенді сыйға тартты.

Айта кетелік, Кенжеғали Мыржықбай — Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану профессоры.